Ермахан қажы Бердалы: "Ораза оралғанда"

Ораза оралғанда
 
Қош келдің, әз Ораза, төрлетіңіз,
Ұлтымды ұйқылы-ояу тербетіңіз.
Басқадай бақыт іздеп неғылайын,
Жанымда, жанарымда келбетіңіз.
 
«Иманы берік жандар мығым тұрар,
Өмірдің туған шақта құнын сұрар.
Ораза:  Ойға – мұрат, бойға – қуат», –
дегені , рас-ақ сөз бұрынғылар.
 
Адамдар аңдамаған ашығуды,
«Дүние жинаймын деп», - деп асығулы
Кем-кетік, жетім-жесір ондайларға
Көрінбес ұршығының басы ғұрлы.
 
Білмеппін оразасыз әуселемді.
Қыл мойын қиқар тартып әукеленді.
Қадірін қатқан нанның айтпағанда,
Қара су көрінеді, Кәусар енді.
 
Әрдайым әр нәрсені қиялдаймын,
Әйтсе де, бір Алладай сүйе алмаймын
Бес парыз – күнделікті өмір - салтым,
Құдайдан қорыққаныма ұялмаймын.
 
Ораза тәубә бергің, сабыр бергің,
Келмейді нәпсі – иттен жәбір көргім.
Құлыңа жаны таза, сынық мінез,
 Ей, Алла! 
Жұмағыңнан орын бергін?!
 
Ораза оралғанын біздің елге,
Мұсылман – бауырларым білдіңдер ме?
Құдайға құлшылық қыл, ораза тұт,
Тазарсын бар бәледен күншіл кеуде.
 
          Ермахан қажы Бердалы  
 


Main menu 2

EU Copyright | Story