Ұлыстын Ұлы күні берілетін баталар-Бата (благословление) на Наурыз-Nauryz Bata

***
Ұлыс күні қазан тола,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жыл болар.

***
Ұлысың оң болсын,
Ақ мол болсын.
Қайда барса жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!

***
Жаңа жыл бақыт жылы болсын,
Мұлың тоқ,
Уайым-қайғың жоқ болсын.
Көген толы қозы,
Желі толы құлын болсын.
Малың базарлы,
Ұлың назарлы,
Қызың ажарлы болсын!...

***
Құдайың оңдасын,
Әулиең қолдасын.
Кеткенің келсін,
Кемісің толсын!

***
Әуелі, құдай, оңдай көр,
Оң жолына бастай көр,
Адасса жолға сала көр,
Сүрінсе қолдап ала көр!
Кездессе шайтан қаға көр!
Жұлдыздармен жалғастыр,
Жақсылармен жанастыр,
Жамандардан адастыр!

***
Айдай жарқыра,
Жұлдыздай жылтыра,
Маңдайың ашық болсын,
Дұшпаның қашық болсын!

***
Ай көрдім,
Аман көрдім.
Ақиретте иман көрдім,
Баяғыдай заман көрдім,
Ескі айда есірке,
Жаңа айда жарылқа!

***
Өркенің өссін,
Өрісің кеңейсін.
Ат жалын тартып мініп,
Халқыңның қамын жегейсің.
Тілеуіңді беріп,
Бағыңды ашсын.
Айналып келіп ай мен жыл,
Аман-есен көруге жассын!

Тәңірім жаздай берсін,
Жаздай берсе, жазылып
Көкірегіңді иман оты маздай берсін.
Тәңірім күздей берсін,
Күздей берсе, құтайып
Риздығың маңдай термен іздей берсін.
Тәңірім кыстай берсін,
Қыстай берсе, қысылмай
Ынсаппен тізгінің тең ұстай берсін.
Тәңірім көктемдей берсін,
Көктемде көктей өңіп,
Талабың көкке өрлей берсін!

***
Дәулетің зияда болсын,
Дұшпаның қияда болсын,
Аққұларың ұяда болсын,
Ауыл-аймақ,
Бота, тайлақ,
Үй-жамағат -
Бәрі түгел аман болсын!
Кейінгіге береке берсін.
Алғанда азда болса көптей көр,
Бергенде көлдей бол.
Жарылқасын құдайым,
Тартпасын халық уайым,
Өткеннің есесін,
Кеткеннің берекесін берсін.
От басы, ошақ қасы,
Түгел аман болсын!

***
Құдай жарылқасын!
Бай қылсын!
Бақ қарасын!
Қыдыр дарысын!
Аруақ жебесін!
Дастарқанға береке берсін!
Кең пейіл берсін!
Ұзақ өмір берсін!
От айнала бас берсін,
Өріс толы мал берсін!
Айдан аман сақта,
Жылдан есен сақта!
Жүз бір қатерден сақта,
Мың бір пәледен сақта!
Аузы қанды бөріден сақта!
Қолы қанды ұрыдан сақта!
Күле кіріп, күңірене шықаннан сақта!
Ізет, абиыр, бақ-даулет,
Ризық, несібең арта берсін!

***
Бай қылсын,
Төрт түлікті сай қылсын
Кетпес дәулет берсін,
Отауыңа сәулет берсін.
Бастарыңа бақыт қонсың,
Қастарыңа нөкер толсын.
Душпандарың жоқ болсын.
Көре алмаған қаскөйдің
Іші күйіп шоқ болсын.
Ризық, нәсібің тасып,
Көңілдерің тоқ болсын.
Туған балаларың ержетіп,
Өсіп, үлкен ел болсын.
Дәулетің шалқып, сел болсын,
Дастарқаның кең болсын!

 



Main menu 2

EU Copyright | Story